Жүсіп Баласағұн шамамен 1015-1017 жылдары дүниеге келген. Оның қайтыс болған уақыты және де қанша жыл өмір сүргені туралы ешқандай мәлімет жоқ. Ұлық Хас Хажиб Жүсіп Баласағұни Шығыс Түркістан жерінің мәдени орталықтарының бірі, мұсылман әлемінің Шығыстағы қақпасы болған Баласағұн қаласында туылып, сонда өмір сүрген. Оның ең құнды еңбегі «Құтты білік» шығармасы болып табылады, ол шығарма 1069-1070 жылдары жазылған.
Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дастаны – Ислам ахлағы мен діни құндылықтарын насихаттайтын шығарма. Бұл шығармада түрлі қоғамдық топқа жататын адамдар арасындағы қарым-қатынас мәдениеті адамгершілік, әдептілік мәселелері көтеріледі. «Құтты білік» — адамгершілік құндылығы жайлы жазылған бірден бір діни философиялық шығарма болып табылады. Ол еңбекте адам өмірінің мәні мен мағынасы талданып, адамның белгілі бір қоғамдағы атқаратын міндеті мен мінез-құлық нормалары жазылады. Бұл шығарманың ең басты идеясы негізгі төрт ұстанымға негізделген:
Бірі оның – шындық жолы, әділет.
Екіншісі – құт пен ырыс, дәулет.
Үшіншісі – Ақыл менен парасат.
Төртіншісі – ұстамдылық, қанағат.
Ж.Баласағұн адам мен Жаратушы арасындағы байланысты Құран кітабы аясында түсіндірді. Мысалы, Алла адамға ақыл, ерік пен таңдау берген. Ақыл мен ерікті бірдей дамыта білген адамға Алланың құты тұрақтайды, сондықтан нағыз мұсылман әрдайым Аллаға құлшылық жасап, одан жол көрсетуін тілеуі қажет. Адам Алланың құты арқылы жақсылыққа жетіп, оның көркем бейнесін көре алады. Жақсы, дұрыс, адамгершілігі мол адам ғана қоғамда сенімді орнығады деп баяндаған.