1-мәтін бойынша білім алушылар «Абайдың сөзден тосылуы»
деген тақырыбына арналған бір жауапты тест сұрақтарына жауап береді.
Наушабай дейтін кісі жол жүріп
келе жатып, Абайдың үйіне түсіпті. Жайғасып отырған соң ол:
– Абайжан, өзіңе асыл сөз,
алғыр ой тауып айтқан кісі болды ма? – деп сұрапты. Абай сәл ойланып отырыпты
да:
– Менің Әбдірахман деген балам
бар еді. Оны тоғыз жасында Семейдегі орыс мектебіне оқуға бердім. Оны бітірген
соң, Петерборға жібердім, Қыс оқып, жаз демалысқа үйге келді. Сұрастырып
байқасам, оқуы жақсы көрінеді. Баламның алымдылығын сынап білейін деп ойладым
да, бір күні жай әңгімелесіп отырып:
– Қалқам, Әбіш, осы әлемдегі
жаратылыста ақ зат асыл ма, қара зат асыл ма? – деп сұраған едім. Ол
іркілместен:
– Ақ зат асыл ғой. – деді.
– Неге, қара зат асыл емес пе?
– дедім мен. Әбіш бетіме қарап күлді де:
– Қараны қалай асыл дейсіз? – деді. Мен:
– Біріншіден, адам баласы барлық дүниедегі
жаратылысты көзбен көреді емес пе. Бірақ көздің ағы көрмейді, ортасындағы
кішкене қарашығы ғана көреді. Қараның асылдығына осы дәлел, – дедім.
Екіншіден, қағаз ақ, одан адам оқып білім ала
алмайды, үстіне жазған қара сиядан өнер-білім алады.
Үшіншіден, жас шақта адамның сақал-шашы қара
болады. Осыған байланысты жас күнде адамда ақыл, білім, қайрат көп болады.
Қартайғанда шаш, сақал ағарады. Ал, адамда ақыл, білім, қайрат та азаяды,
сондықтан ақтан қараны асыл ма деп ойлаймын, – дедім.
Сонда Әбіш:
– Оның бәрін қалай білдіңіз? – деді.
– Ақылмен білдім, – дедім мен.
– Олай болса, ақыл мида болмай ма, ал ми ақ зат
емес пе! Екіншіден, ақыл – нұр, жарық зат. Ол да аққа ұқсамай ма? – деді.
Мен баламның тауып айтқан сөзіне риза болып,
маңдайынан иіскедім.
Мағауия Абайұлының өмірі мен шығармашылығы 2-мәтін бойынша білім алушылар бер жауапты тест сұрақтарына жауап береді.Мағауия Абайдың Ділдә деген бәйбішесінен, әкесінің жиырма бес жасында туған. Ділдәдан төрт ұл, екі қыз болған. Мағауия (Мағаш) Абайдың кенже баласы.
Мағауияны әкесі сегіз-тоғыз жасында мұсылманша оқуға береді. Ауылда, «кішкене молла» деп аталатын Мұхаметкәрімнен төрт-бес жыл оқыған соң, Абай оны қалаға апарып, Семейдегі орысша мектепке оқуға түсіреді.
Оқуға аса қабілетті, зерек, талапты жас шәкірт Мағауия қалада екі-үш жыл оқыған соң, денсаулығы төмендеп, науқасқа шалдыға бастайды. Баласының науқасынан қауіптенген Абай сол кездегі Семей қаласындағы ең тәуір, тәжірибелі дәрігер деп танылған – Становқа қаратады. Мағауияның өкпе ауруына ұшырағанын анықтаған дәрігер, енді оның қалада тұрып оқуына болмайтынын айтады. Сонымен амалсыздан оқуын тоқтатып, Мағауия ауылына қайтады. Бұл – 1886-1887 жылдар еді. Содан бастап үнемі Абайдың өз қасында, әкесінің өз тәрбиесінде болады.
Мағауия орыс мектебінен алған бастауыш білімін әкесінің өнегесімен өз бетімен дамытып, орыс тіліне жетік болады. Абай оқитын кітаптарды – орыстың ұлы ақын, жазушыларының, ғалымдарының еңбектерін Мағауия да зер салып, көп оқиды. 1889 жылы Түмен қаласындағы реальное училищені бітірген соң, Петербургте оқып жүрген Әбдірахманның да Мағауияға көрсеткен көмегі көп еді.
Осы жылдар Абайдың ақындық атағының да кең жайылып, Абай алдына талапты жастар топталып, Абай ауылы өз тұсында мәдениет ордасына айналған кез болатын.
Мағауияның лирикалық өлеңдері, Абай айтқандай: «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін», «айналасы теп-тегіс жұмыр келген» нағыз көркем шығарма екенін көреміз.
Ақынның алғашқы жазған шығармаларының бірі – «Ай жарық, жаздың түні ат терлетіп» деп басталатын өлеңі. Ақын бұл өлеңінде, екі жастың жазғы жайлауда, ай жарық бір түнде ел көзінен ұрланып, ауылдан аулақ бір сайда, бірін-бірі аңсап табысқан сәттегі көңіл-күйін, сезім-сырын сипаттайды.
Аз өмірінің ішінде Мағауияның басынан кешкен өмір кезеңдерінің ең қайғылы, ауыр кезеңі – ағасы Әбдірахман (Әбіш) қазасы болады. 1894 жылы Алматыда қатты науқастанып жатқан Әбіш тағдыры Абай ауылын қатты күйзелтеді. Әбіштің науқасын естігеннен бастап, оған арналып жолданған әке махаббатын жеткізетін, Абай жүрегін жарып шыққан сағыныш, тілек жыры туады. Абайдың барлық достары Әбішке туыстық, достық жүректен тілектестік ниеттерін білдіріп, терең сезімді өлең-хаттар жолдайды.
Абай 1894 жылы, Мағауияны Әбіштің қасында бол деп, Алматыға жібереді. Мағауия Әбіштің қасында бес айдай болып, күтіп, сүйікті ағасын өз қолымен аттандырады. Осы ауыр сапар, қайғылы хал, бес ай бойы ағасының ақырғы демін күткен қаралы күндер, ауылдан аулақта жалғыз басқа түскен ауыртпалық – Мағауияны қатты тебірентеді. Осы ауыр халдің үстінде «Бір үміт, бір хауіптің» ортасында өткізген күндер, үзілген үміт ақынның: «Ыңқылдап жатыр екен жаңа барсам», «Дейтұғын сөзің қайта «Мағатайым», «Жалғыз міне отырмын әр нәрсе ойлап», «Бірге туған бауырлас» деген өлең-жырларын туғызды.
Ақан сері
3-мәтін бойынша білім алушылар бір жауапты тест
сұрақтарына жауап береді.
Ақан сері Қорамсаұлы – қазақ халқының әйгілі әнші-композиторы, ақын. Солтүстік
Қазақстан облысының Айыртау ауданындағы Үлкен Қоскөл маңында 1843 жылы туып,
сол ата мекеніндегі Бұлақ басы, Құлагер құдығы деген жерде дүние салған.
Ақан сері алғашқыда ауыл молласынан сауат ашып, сонсоң
Қызылжардағы Уәли медресесінде (1856-1859) оқыған.
Ақан сері алғашқы әйелі Бәтимадан Ыбан (Ыбырайым) есімді
бір перзент көрген. Бәтима өлген соң Ұрқия атты қызға үйленіп, онымен ұзақ
отаспаған. Ақанның «Хат жаздым қағаз алып, қалам, сия» деп басталатын өлеңі осы
Ұрқияға арналған. Ақан өмірінде өшпес із қалдырған адам – Ақтоқты сұлу.
Ақтотыға үйленуді тағдыр Ақанға жазбаған. Ақанның «Ақ көйлек», «Аужар»,
«Алтыбасар», «Ғашық жарға», «Тағрипың» деп аталатын терең сырлы, ғажайып
сезімге толы әндері осы Ақтотыға арналған.
Сал-серілік дәстүрді барша сән-салтанатымен ұстанған Ақан
сері жүйрік ат, қыран бүркіт, құмай тазыны жан серігі еткен. Мұндай өмір-салт
оның әншілік-ақындық шабытына тұғыр болып, «Құлагер», «Маңмаңгер», «Көкжендет»,
«Екі торы ат», «Алайкөк», «Тер қатқан» сияқты тамаша әндердің дүниеге келуіне
себепші болған. Сондай-ақ, оның «Көкшетау», «Сырымбет», «Кербез сұлу» деп
аталатын әндері туған жерге, өскен елге деген перзенттік махабаттың жарқын
айғағы.
Ақан сері өз кезінде Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Балуан
Шолақ, Жаяу Мұса, Естай, Иманжүсіп, Құлтума сияқты ақын-әншілермен бастас
болып, халықтың мәдени-рухани өміріне айырықша ықпал еткен.