Қорқыт ата VII ғасырда Сырдария өзенінің бойындағы бұрынғы Жанкент қаласында өмір сүрген. Кемеңгер тұлға дүниеге келмес бұрын анасы оны құрсағында үш жыл көтерген деген аңыз әңгіме бар. Ол дүниеге келгенде табиғат тылсымы ерекше күйге енген. Қатты боран соққан. Күн тұтылып, үш күн бойы күннің көзі көрінбеген. Қара тұман басқан. Сол себептен оған «Қорқыт» есімі беріліпті. Ойшыл жыраудың өмірін зерттеген ғалымдар оның есімінің мағынасын түрліше болжаған. Бірі «құт әкелетін адам» десе, енді бірі «өмір тоқтады» деп болжаған. Бір қызығы, Қорқыт ата дүниеге келе сала тілі шығып, сөйлеп кетіпті. Тіпті туыла салып жүріп кеткен деген де аңыз бар. Зерттеуші ғалымдар Қорқыт атауына әр түрлі түсініктеме береді. Мысалы, Әуелбек Қоңыратбаев тұлғаны ырыс әкелуші адам деп пайымдаса, Сейіт Қасқабасов адамзаттың өлімі, өмірдің сарқылуын Қорқыт пәлсәпасымен байланыстырады. Қорқытпен қобыз егіз ұғым іспеттес. Ол туралы «Қорқыт ата кітабында» тереңінен жазылған. Кітаптың алғашқы беттерінде жыраудың нақыл сөздері жазылған. Онда өмір мен өлім туралы көбірек мағлұмат алуға болады. Аңыздарға сенсек, Қорқыт «өмір барда өлім бар, өзгеру бар. Өлмес өмір жоқ. Сынбас темір жоқ, бәрі де өледі. Өзгереді, ұмыт болады. Тек мәңгілікке өлмейтін, ұмытылмайтын адамның өмірінде жасаған игілікті ісінің нәтижесі» деген.
Қорқыттың қобызынан шыққан күйлер Жер бетінде қобыз аспабында алғаш болып күй тартқан Қорқыт атаның күйлері бүгінде кеңінен танымал. «Қорқыт», «Башпай», «Тарғыл ана», «Ұшардың ұлуы», «Желмая» және «Елімай» күйлерінің жарыққа шығу тарихы да ерекше. Мәселен, «Башпай» күйі. Аңыздарға сүйенсек, оның қарындасы тамақ әкеп берген сәтінде башпайы қарындасына тиіп кетеді. Осыдан соң Қорқыт өзі дүниеден озғанда башпайын сыртқа шығарып көмуді сұранады. Себебі ол кезде ер азаматтың кез келген дене мүшесі қыз баласына тиіп кетсе, ұятқа баланған. Осы жағдайдан соң «Башпай» күйі жарыққа шығады. Ал «Ұшардың ұлуы» күйі ертеде Ұшар есімді иті болған бала туралы. Отбасының жалғыз ұлы болған ол дүниеден озған соң Ұшар атты иті де жоғалып кетеді. Марқұм баланың ата-анасы оны баланың мазарының басынан табады. Қорқыттың әкесі — Қарақожа. Ол Сырдария аумағын мекен еткен оғыз тайпасынан шыққан. Ал анасы Алтыншаш қыпшақтың қызы екенін атап өту керек.