Қожа Ахмет Ясауи XII ғасырда өмір сүрген Түркі әлемінің сопылық дүниетанымның негізін қалаушы, ақын, ойшыл, ұстаз, ағартушы, ғұлама пір. Толық аты-жөні: Ахмет бин Ибраһим бин Иляс. «Пір Түркістан», «Хазреті Түркістан», «Хазірет Сұлтан», «Қожа Ахмет», «Құл Ахмет Қажы» есімдерімен тарихта қалған. Орта азия түркі халықтарының пірі болған Қожа Ахмет Ясауи, қазақ халқының байырғы мәдениетінің тарихында айрықша орны бар ұлы тұлға.
Қожа Ахмет Ясауидің туған жері қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданы. Әкесі Ибраһим сол кезеңінің сауатты, көзі ашық білімді, діндар адам болған. Қожа Ахмет Ясауи, алғашқы сауатын жеті жасына дейін әкесінен алады. Жеті жасында әкесі қайтыс болған соң ұстазы Арыстанбабтан дәріс алады. Ол өмірден қайтқаннан кейін, Бұқараға аттанып, Жүсіп Хамаданидің медресесінде оқып, ол жерде білімін шыңдап үлкен жетістіктерге қол жеткізеді. Ұстазы қайтыс болған соң біраз уақыт сол медресеге басшылық жасаған. Ол жерде араб, шағатай, парсы тілдерін үйреніп, түркі тілдерінде өлеңдер жаза бастайды. Оны тәмәмдаған соң сопылық жол ұстанып, көптеген қалаларды аралап, туған шаһары Түркістанға қайтып оралады да, Арыстанбаб қалап кеткен дәстүрді жалғастырды. Осында ол түркі дүниесіне кең танылған кемеңгерге айналды. Ал 63 жасынан бастап қалған өмірін жер астында, яғни қылуетте өткізді. Бұны Ахмет «Пайғамбар жасына жеттім. Маған одан артықтың қажеті жоқ», — деп түсіндіреді. Қанша жыл ғұмыр кешкені жөнінде әр түрлі деректер бар. Бір деректе 73 жыл, келесілерінде 85 жас деп берілген.
Қожа Ахмет Ясауидің шығармаларының негізі түп нұсқасы жоқ. Қолда бар түпнұсқалар болса, XVII ғасырлардан кейінгі кезеңдерге тиісті екендігі нақтыланған.Тек стилді формасы мен мазмұны жағынан Қожа Ахметке тиісті деген болжам жасалынады. Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани Хикмет», «Фақырнама» (Пақырнама), «Миратул клуб» атты еңбектері бар.